Боксшы Диас Тастеміров қарсыласын нокаутқа түсірді

АСТАНА. ҚазАқпарат -Қазақстандық-әзербайжандық спортшылар арасындағы бокс текетіресі отандасымыз Диас Тастеміровтың жеңісімен аяқталды. Олар Бейбіт Шүменовтың бокс кеші аясында жекпе-жекке шыққан болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Диас Тастеміров әзербайжандық боксшы Эльвин Ахунзадамен кездесті. Басында қазақ боксшысына қорғануға тура келді. Себебі, қарсыласының қарқыны басым-тұғын. Ұрымтал сәттердің бірінде тіпті шаршы алаңның бір бұрышына қамалып, соққының астында қала жаздады. Алайда қарсыласының шабуылдарының бірінде Диас әккі соққысымен әзербайжандықтың қорғанысын бұзған еді. Ахунзада жерге құлағанымен, есін тез жинап алды. Бұдан кейін ашуға булыққан әзербайжандық қарымта жауап беріп, Тастеміровтің тастай қорғанысын бұзып, бір-екі соққы жасады. Осылайша, айқастың алғашқы раунды қыза түскен тұста гонг соғылған еді.

Екінші раундта Эльвин тағы белсенділікпен бастады. Төпелей соққан соққы қазақ боксшысын абдыратып тастағандай көрінген. Бірақ, көп кешікпей әзербайжандық ойламаған жерден ауыр соққы алып, тәлтіректеп қалды. Бұдан кейін есеңгіреген қарсыласын еселей ұрған Диас мақсатына жетті. 10 секундтан бұрын Эльвин орнынан көтерілгенімен, аяққа әрең тұрған оған төреші айқасты ары жалғастыруға рұқсат бермеді.

Айта кетерлігі, Бейбіт Шүменовтың айқасының андеркартында қазақ боксшылары 6 кездесу өткізіп, алтауында да жеңіске жетті.