НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Дина Жоламан Ыстанбұл қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дина Жоламан 54 келіге дейінгі салмақта румыниялық Лакрамиоара Перишочпен жұдырықтасты.
2016 жылы Астанада өткен дүниежүзілік біріншілікте чемпион атанған Дина бұл чемпионатта да барын салды.
Әйтсе де жартылай финалда румыниялық боксшының бағы жанды. Төрешілер шешімімен (4:1) жеңіс Л.Перишочқа берілді.
Осылайша, Қазақстаннан Алуа Балқыбекова ғана финалға өтті. Қалған төрт боксшымызға қола жүлде бұйырды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Алуа Балқыбекованың әлем чемпионатының финалына өткенін, қазақстандық екі боксшының әлем чемпионатының қола жүлдегері атанғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).