Боксшы Иса Ақбербаев кәсіби рингтегі алғашқы жеңілістің дәмін татты
11:19, 20 Қаңтар 2013
АСТАНА. 20 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстандық Иса Ақбербаев кәсіби рингте алғаш рет жеңіліс тапты.
Vesti.kz хабарлағандай, 29 жастағы қазақстандық боксшы кезекті айқаста американдық Энтони Феррантемен кездесіп, жеңіліп қалды. Айта кетейік, 28 жастағы американдық қазақстандық боксшыны ұпай саны бойынша басып озды.
Бұл кездесу Ақбербаев үшін кәсіби мансаптағы 11-інші болды. Өткен 10 айқаста қазақстандық боксшы рингтен тек жеңіспен кеткен болатын, оның жетеуінде қарсыласын нокаутқа жіберді.
Еске салайық, Ақбербаев пен Ферранте арасындағы айқас Нью-Йорктың Madison Square Garden аренасында өтті.