АСТАНА. ҚазАқпарат – Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен бокс кешіндегі басты жекпе-жекте қазақстандық Мейірім Нұрсұлтанов (18-0, 10 КО) пен жапониялық Кадзуто Такесако (15-0, 14 КО) шаршы алаңға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
М. Нұрсұлтанов бұл жекпе-жекте орта салмақтағы WBO International тұжырымы бойынша чемпиондық атақты сарапқа салды.
Боксшылардың екеуі де бұған дейін рингте жеңіліп көрмеген еді. Мейірім жекпе-жек барысында басымдылығын байқатып, сегізінші раундта қарсыласын сұлатып түсірді.
Осылайша, 12 раундқа есептелген жекпе-жек мерзімінен бұрын аяқталып, Кадзуто Такесако алғаш рет нокаутпен жеңілді.
Сөйтіп, М. Нұрсұлтанов кәсіпқой бокстағы 19-шы жеңісіне қол жеткізіп, WBO белдігін сақтап қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Мейірім Нұрсұлтановтың WBO титулы үшін жекпе-жек алдында салмақ өлшеу рәсімінен өткенін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).