НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бокстан ерлер арасындағы 2021 жылғы әлем чемпионаты өтетін уақыт нақтыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлемнің үздік былғары қолғап шеберлері 26 қазан мен 6 қараша аралығында Сербия астанасы - Белград қаласында бақ сынайды. Бұл жөнінде AIBA басшылығы мәлім етті.
Айта кетейік, әлем чемпионаты 1974 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бүгінгі күнге дейін қазақстандық боксшылар барлығы 46 медаль еншілеген болатын. Олардың 12-і алтын, 13-і күміс, 21-і қола медаль.
2019 жылы Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен дүбірлі додада қазақстандық Бекзат Нұрдәулетов (81 келі) алтын олжалады.
Ал Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары) күміс алса, Сәкен Байбосынов (52 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келі), Тұрсынбай Құлахмет (75 келі), Василий Левит (91 келі) қола жүлдегер атанды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.