АСТАНА. ҚазАқпарат – Үндістанның Нью-Дели қаласында бокстан әйелдер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында Алуа Балқыбекова қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өткен жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алуа Балқыбекова 48 келіге дейінгі салмақта үндістандық, жастар арасында дүниежүзілік додада екі рет топ жарған Ниту Гангаспен шеберлік байқасты.
Өткен жылы Ыстанбұлда өткен әлем біріншілігінде Алуа қарсыласын жеңген еді.
Бұл жолы бірінші раундта бес төрешінің үшеуі қазақстандық боксшы басым деп тапты. Екінші кезеңде таразы басы үндістандыққа ауды. Ақыры қазылар жеңісті үндістандық боксшыға беріп, Алуа Балқыбекова қола жүлдені қанағат тұтты.
Бүгін Қазақстаннан тағы бес боксшы шаршы алаңға шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын әлем чемпионатында бүгін қазақстандық 6 боксшының финал жолдамасын сарапқа салатынын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).