АСТАНА. ҚазАқпарат – Үндістанның Нью-Дели қаласында өтіп жатқан бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионатының ширек финалында қазақстандық Карина Ибрагимова жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық спортшы 57 келі салмақта венесуэлалық Омайлин Алькаламен шаршы алаңға шықты. Алғашқы екі раундта төрешілер қазақстандық боксшының басымдығына қолдау білдірді. Нәтижесінде Карина қарсыласынан басым түсіп, жартылай финалға жолдама алды.
Карина бұдан бұрын колумбиялық Валерия Арболеда Мендоса, әзербайжандық Махсати Хамзаеваны орта жолда қалдырып кетті.
Карина Ибрагимова 1996 жылы дүниеге келген. Бұған дейін әлем чемпионатында 2018, 2022 жылдары қола жүлдегер атанды.
Сондай-ақ, ел құрамасынан тоғыз боксшы ширек финалға жолдама алған еді.
Қазірге дейін ел құрамасынан Алуа Балқыбекова (48 келі) жартылай финалға шықты.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.