АСТАНА. ҚазАқпарат – Үндістанның Нью-Дели қаласында бокстан әйелдер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында Надежда Рябец қола жүлдеге ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұдан бұрын жасөспірімдер арасында дүниежүзілік додада топ жарған Надежда Рябец 66 келіге дейінгі салмақта 2019 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, қытайлық Ян Люмен қолғап түйістірді.
Бірінші раундта төрешілер қазақстандық боксшыға басымдық бергенімен, екінші кезеңде керісінше болды. Қорытынды есеп – 4:1, қытайлықтың пайдасында.
Осылайша, Н.Рябец чемпионатты қола жүлдемен аяқтады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын әлем чемпионатында бүгін қазақстандық 6 боксшының финал жолдамасын сарапқа салатынын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ әлем чемпионатында Алуа Балқыбекова қола жүлдегер атанды.
Карина Ибрагимова екі дүркін әлем чемпионын ұтып, финалға шықты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).