АСТАНА. ҚазАқпарат - Үндістанның Нью-Дели қаласында бокстан әйелдер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық Мәдина Нұршаева ширек финалға өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық боксшы 1/8 финалда оңтүстіккореялық Хонген Чоймен жұдырықтасты.
Мәдина бірден жекпе-жек тізгінін қолға ала білді. Үшінші раундта тіпті қарсыласын нокдаунға жіберді. Төрешілер шешімі - 5:0, жеңіс М.Нұршаеваның пайдасында.
Тағы бір қазақстандық Жазира Орақбаева бүгін жарыс жолынан шығып қалды. Ол 52 келіге дейінгі салмақта үндістандық Сакши Сакшиге есе жіберді - 0:5.
Бүгін сондай-ақ Жайна Шекербекова (54 кг) өзбекстандық Нигина Уктамовамен, Валентина Хальзова венесуэлалық Мариэлис Ирисамен шаршы алаңға шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Надежда Рябецтің келесі кезеңге өткенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Назым Қызайбай мен Карина Ибрагимованың бастапқы жекпе-жегін өткізетіні хабарланды.
Өкінішке қарай, екі дүркін әлем чемпионы Н.Қызайбай кеше күтпеген жерден жеңіліп қалды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).