Бокстан ӘЧ: Махмұд Сабырхан алғашқы жеңісіне қол жеткізді
АСТАНА. ҚазАқпарат – Өзбестан астанасы Ташкент қаласында бокстан ерлер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында Махмұд Сабырхан алғашқы жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Фото: instagram.com/drs_kz
«Қазақтың Ломаченкосы» атанып кеткен, Белградта өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері М.Сабырхан 54 келіге дейінгі салмақта мажарстандық Иштван Сакомен шеберлік байқасты.
Бірінші раундта төрешілердің төртеуі қазақстандық боксшы басым деп тапты. Екінші кезеңде Махмұд қарқынды үдетті – 5:0. Жекпе-жек қорытындысында да төрешілер бірауыздан жеңісті Махмұд Сабырханға берді.
Сөйтіп, ол келесі кезеңге өтті.
Бүгін кешкі сессияда Қазақстаннан Санжар Тәшкенбай мен Сағындық Тоғамбай өзбекстандықтар Шодиержон Меликузиев және Шохжахон Абдуллаевпен қолғап түйістіреді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын бокстан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасынан үшінші болып Қамшыбек Қоңқабаевтың ширек финалға өткенін жазған едік.
Сондай-ақ Қытай қазағы бокстан әлем чемпионатында екінші жеңісіне қол жеткізді.
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).