АСТАНА. ҚазАқпарат – Ташкент қаласында бокстан ерлер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында Өзбекстан құрамасындағы қазақ жігіті Руслан Абдуллаев жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Азия чемпионы, Ташкент төңірегіндегі Қыбырайдың тумасы, 20 жастағы Р.Абдуллаев 63,5 келіге дейінгі салмақта моңғолиялық Чинзорик Батарсухпен шеберлік байқасты.
Бірінші раундта бес төрешінің төртеуі Руслан басым деп тапты. Екінші кезеңде үш қазы жеңісті өзбекстандық боксшыға берді. Қорытынды есеп – 5:0.
Осылайша, Руслан Абдуллаев Өзбекстан қоржынына бесінші алтынды салды.
Р.Абдуллаев бұдан үш-төрт жыл бұрын, Қазақстанға келіп, жастар арасында ел чемпионатына қатысқанымен, жолы бола қойған жоқ. Содан кейін Өзбекстанға қайта оралған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жәнібек Әлімханұлының кәсіпқой бокста Стивен Батлерді нокаутпен ұтқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ бүгін Ташкентте қазақстандық үш боксшы чемпиондық атақ үшін рингке шығатыны хабарланды.
Махмұд Сабырхан өзбек боксшысын қос нокдаунмен ұтып, әлем чемпионы атанды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).