АСТАНА. ҚазАқпарат – Ташкент қаласында бокстан ерлер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында Өзбекстан құрамасында өнер көрсететін қазақ жігіті, 20 жастағы Руслан Абдуллаев ширек финалға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Азия чемпионы Р.Абдуллаев 63,5 келіге дейінгі салмақта 1/8 финалда маврикиялық Ришарно Луи Колинмен жұдырықтасты.
Өзбекстандық боксшы айқын басымдылық көрсетіп, екінші раундта қарсыласын екі рет нокдаунға жіберді. Ол үшінші кезеңде де осы қарқынынан танған жоқ.
Р.Колин бұдан бұрын 1/16 финалда қазақстандық Санатәлі Төлтаевты жеңіп кеткен еді.
Руслан Абдуллаев 2019-2020 жылдары Қазақстанға келіп, осында жарыстарға қатысып, құрамаға ілігуге тырысқан болатын. Алайда ол ойы орындалмағаннан кейін Өзбекстанға қайтып кеткен еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Санатәлі Төлтаевтың жарыс жолынан шығып қалғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ 6 мамырда Асланбек Шымбергенов пен Дулат Бекбауовтың сынға түсетіні хабарланды.
Бүгін Дулат Бекбауов келесі айналымға өтті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).