АСТАНА. ҚазАқпарат - Ташкент қаласында бокстан ерлер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында Сағындық Тоғамбай қарсыласын нокаутпен ұтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жастар арасында Азияның үш мәрте чемпионы, дәл осындай әлемдік додада финалға дейін жеткен қазақстандық боксшы 86 келіге дейінгі салмақта бастапқы кездесуін конголық Натан Нланду Мбелимен өткізді.
Сағындық екінші раундта қарсыласын екі рет нокдаунға жіберді. Үшінші кезеңде төреші жекпе-жекті тоқтатты.
Осылайша, С.Тоғамбай 1/8 финалға жолдама алды.
Бүгін кешкі сессияда сондай-ақ Санатәлі Төлтаев рингке шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық қос боксшының әлем чемпионатын жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ әлем чемпионатының екінші күні Сағындық Тоғамбай мен Санатәлі Төлтаевтың рингке шығатыны хабарланды.
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).