АСТАНА. ҚазАқпарат - Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатының бесінші жарыс күнінде Серік Теміржанов (57 келі) алғашқы жекпе-жегін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық спортшы 1/16 финалда Мали елінен келген Абдул Карим Батилимен кездесті. Бұл А рингінде сол күні өтетін алғашқы жекпе-жек болды.
Шаршы алаңда қазақстандық былғары қолғап шебері жинақы қимыл көрсетті. Нәтижесінде төрешілердің бірауызды шешімімен С.Теміржанов жеңіске жетті.
Енді ел құрамасынан бүгін 19:00-де басталатын кешкі сессияда Нұрбек Оралбай (80 келі) әзербайжандық Мұрад Аллахвердиевпен кездессе, Айбек Оралбай (92 келі) италиялық Азиз Аббес Мухийдинмен қолғап түйістіреді.
Айта кетсек, қазірге дейін ел құрамасынан Талғат Сырымбетов (60 келі) Санатәли Төлтаев (63,5 келі) жарыс жолынан шығып қалды.
Еске салсақ, 4 мамырда Қазақстан құрамасынан Санатали Төлтаев (63,5 келі) Маврикийден келген Колину Ришарноға есе жіберсе, одан кейін Қамшыбек Қоңқабаев (92 келіден жоғары) ресейлік Алексей Дроновтан басым түсті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.