НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Польшаның Кельце қаласында өтіп жатқан жастар арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық Дана Дидай күміс жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Д.Дидай 75 кг салмақта соңғы бәсекеде үндістандық Санамача Чану Токчоммен жұдырықтасты.
Өте тартысты өрбіген жекпе-жекте жеңіс төрешілердің шешімімен (3:2) үнділік боксшыға берілді.
Дана осы біріншілік барысында әділетсіздіктің құрбаны болып кете жаздады. Оның мажарстандық Богларка Варгамен жекпе-жегінде төрешілер жеңісті әуелі қарсыласына берген еді. Дегенмен қазақстандықтар наразылық бергеннен кейін шешім қайта қаралып, әділдік салтанат құрды.
Осылайша қазақстандық қыздар бұл чемпионатта екі күміс, үш қола медальға ие болды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын үш қазақстандық бойжеткен Жасмин Қиззатова, Әсел Сағатова және Елдана Тәліпова қола жүлдегер атанған болатын.
Сондай-ақ Жұлдыз Шаяхметова күміс жүлдегер атанды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).