АСТАНА. ҚазАқпарат - Үндістанның Нью-Дели қаласында бокстан әйелдер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында Жайна Шекербекова мен Валентина Хальзова 1/4 финалға жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жайна Шекербекова 54 келіге дейінгі салмақта өзбекстандық Нигина Уктамовамен жұдырықтасты.
Жайна әлемдік додаларда олжа салып жүрген тәжірибелі боксшы болса, қарсыласы да осал емес. Ол - жастар арасында әлем чемпионы.
Тартысты өткен жекпе-жек соңында Жайна нокдаун алып қалғанымен, жеңіс басым дауыспен қазақстандыққа берілді.
Әлем чемпионы Валентина Хальзова 75 келіге дейінгі салмақта венесуэлалық Мариэлис Ирисаны айқын басымдылықпен жеңді.
Осылайша, әлем біріншілігінде 12 қазақстандық боксшының 10-ы жарысты жалғастыруда.
Еске сала кетейік, Мәдина Нұршаеваның ширек финалға шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).