НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Польшаның Кельце қаласында өтіп жатқан жастар арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық екі боксшы 1/8 финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстан бокс федерациясына сілтеме жасап.
Бүгін шаршы алаңға еліміздің атынан екі боксшы шықты. Атап айтқанда, Кенже Мұратұлы (52 келі) шотландтық Леннон Малллиганды жеңді. Мәди Әміров (91 келі) итальяндық Лука Тистареллиден мықты екенін дәлелдеді.
Сондай-ақ, кеше қазақстандық Ерболат Сабыр алғашқы кездесуінде жеңіске жетті. Ол венгриялық қарсыласын қапы қалдырды.
Айта кетейік, әлем чемпионатында еліміздің атынан Санжар Тәшкенбай (49 келі), Кенже Мұратұлы (52 келі), Ерболат Сабыр (56 келі), Елнұр Сүйінбай (60 келі), Сабыржан Ақхалықов (64 келі), Нұржан Аманкелді (69 келі), Диас Молжігітов (75 келі), Ерасыл Жакпеков (81 келі), Мәди Әміров (91 келі) және Аманат Сабырғали (91 келіден жоғары) cынға түседі.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.