НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ресейдің Улан-Удэ қаласында өтіп жатқан бокстан қыздар арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық екі боксшы жартылай финалға жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлем чемпионатында 64 келі салмақта сынға түскен Милана Сафронова бүгін жартылай финалда Мелиса Неждетовамен қолғап түйістірген болатын. Нәтижесінде төрешілер қазақстандық боксшының жеңгені жөнінде ұйғарым жасады.
Милана Сафронова 1991 жылы Қарағанды облысы Сарань қаласында дүниеге келген. Ол әлем чемпионатында бұдан бұрын Ботсванадан келген Аратва Касемангты жеңіп кетті.
Сондай-ақ, бүгін Дина Исламбекова 81 келіден жоғары салмақта шаршы алаңға шықты. Ол итальяндық Флавия Северинді тізе бүктірді. Дина Исламбекова 2000 жылдың 10 тамызында дүниеге келген.
Бүгін 10 қазанда ширек финал ойындарын өткізу жоспарланған. Ал 12 қазанда ақтық кездесулер болады. Ал 13 қазанда финалдық жарыста жеңімпаздар анықталады.
Естеріңізге сала кетелік, Әлем чемпионатына қазақстандық он боксшы барды. Бүгінге дейін олардың 6-ы жарыс жолынан шығып қалды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.