ҚР Бокс федерациясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін әлем біріншілігінің жартылай финалдық кездесулері өз мәресіне жетті. Қазақстаннан үш боксшы қола медальға қол жеткізіп, 8-і финалға өтті.
Атап айтар болсақ, Махмұд Сабырхан (49 кг), Жансая Әбдірайымова (51 кг) мен Әнел Құдайберген (48 кг) қола медаль алды.
Азия чемпионы Махмұд Сабырхан (49 кг) жартылай финалда пуэрторикалық Жан Пол Ривера Пиццародан ұтылды. Жансая Әбдірайымова (51 кг) америкалық Хэвен Гарсиядан, Әнел Құдайберген (48 кг) үндістандық Нитуден айласын асыра алмады.
Ал финалға шыққан 8 жерлесіміз туралы айтсақ, олар - Ермахан Жақпеков (69 кг), Нұрбек Оралбай (75 кг), Айбек Оралбай (91 кг), Дамир Тойбай (91 кг), Сағындық Тоғамбай (81 кг), Гүзәл Садықова (81 кг), Дина Исламбекова (81 кг) және Айзада Ісләмғали (54 кг).
Азия біріншілігінің жеңімпазы Ермахан Жақпеков (69 кг) жартылай финалда тайлық Пирапат Еасунгноенмен кездесіп, бірінші раундта-ақ қарсыласын нокаутқа жіберді. Енді ол финалда Ресей мен Еуропа чемпионы Жамболат Бижамовпен кездеседі.
Азия чемпионатының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай (75 кг) өзбек Наво Тамазовты ұтты. Енді ол финалда ресейлік Данил Тетеревпен былғары қолғап түйістіреді. Айбек Оралбай (91 кг) алжирлық Амин Хасида Мохаммедті жеңді. Финалда ресейлік Игорь Федоровпен кездеседі.
Азия чемпионы Гүзәл Садықова (81 кг) украиналық Каролина Махноны тізе бүктірді. Ол да ақтық кездесуде ресейлік Анастасия Рыбакпен шығады. Айзада Ісләмғали (54 кг) Таиландтан келген Пхонапп Лапанды ұтты. Финалда АҚШ өкілі Айяна Вердускомен бағын сынайды.
Азия чемпиондары Дамир Тойбай (91 кг) мен Сағындық Тоғамбайдың (81 кг) қарсыластары жарыс жолынан өз еріктерімен шығып қалғандықтан, екеуі финалға автоматты түрде шығып отыр. Олар ресейлік боксшылармен кездеседі. Азия чемпионы Дина Исламбекова (81 кг) финалда украиналық Мария Ловчинскомен жекпе-жек өткізеді. Ақтық кездесулер 30-31 тамыз аралығында өтеді.
Фото: kfb.kz