НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сербия астанасы Белград қаласында өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатында бүгін ел құрамасынан Абылайхан Жүсіпов жарыстың келесі сатысына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
1/16 финалда Абылайхан Жүсіпов (67 келі) венесуэлалық Кристиан Паласиомен кездесті. Жекпе-жек барысында қазақстандық боксшының басымдығы байқалып тұрды. Нәтижесінде төрешілер шешімімен Абылайхан қарсыласын қапы қалдырып, жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.
Ол бұған дейін Тайбэйден келген Ю Линьді жеңген болатын. Абылайхан биыл ұлттық құрама капитаны міндетін атқарады.
Қазақстандық боксшы 1997 жылы Қарағанды облысы Абай қаласында дүниеге келген. 2017, 2019 жылдарда әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды. Сондай-ақ, 2017 жылы Азия чемпионатында күміс медаль иегері болды. Ол Олимпиада ойындарына қатысқан.
Еске салсақ, бүгін Серік Теміржанов (57 келі) 1/16 финалда жапониялық Реито Цуцумиді жеңіп, 1/8 финалға жолдама алды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.