НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық боксшы Абылайхан Жүсіпов Ресейдің Екатеринбург қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында жартылай финалға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Абылайхан Жүсіпов (69 келі) Доминикан Републикасынан келген Роан Поланкомен қолғап түйістірді. Төрешілер қазақстандық боксшының жеңісіне қолдау білдірді.
Абылайхан Жүсіпов бұған дейін 1/16 финалда таиландтық Вуттичай Масукты, одан кейін германиялық Ник Бирді тізе бүктірген болатын.
Абылайхан Жүсіпов 1997 жылы дүниеге келген. 2017 жылы Азия чемпионы атанса, сол жылы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды.
Бұған дейін қазақстандық боксшылар қатарынан Сәкен Бибосынов (52 келі), Тұрсынбай Құлахмет (75 келі) және Василий Левит (91 келі) жолдама алған еді. Ал Қайрат Ерәлиев алған жарақатына байланысты өзбек жігіті Миразизбек Мирзахалиловке жол берді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.