БЕЛГРАД. ҚазАқпарат - Сербия астанасы Белград қаласында өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатында қазақстандық Айбек Оралбай алғашқы жекпе-жегін сәтті өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айбек Оралбай 92 келі салмақта 1/16 финалда польшалық Матеуш Березницкимен қолғап түйістірді. Жекпе-жек барысында қазақстандық спортшы сәтті ойын өткізді. Қарсыласына соққыны көбірек жұмсады. Төрешілер оны жоғары бағалап, жарысты жалғастыруға мүмкіндік берді.
Еске салсақ, бүгін Махмуд Сабыржан (54 келі) 1/16 финалда Оңтүстік Кореядан келген Ин Кю Киммді тізе бүктірген еді.
Сондай-ақ, бүгін Саматәли Төлтаев (60 келі) таиландтық Хунатип Пиднучпен шеберлік байқасса, Асланбек Шымбергенов (71 келі) өзбек спортшысы Шахрам Гиясовпен кездеседі.
Әлем чемпионатына ел құрамасында 13 боксшы барды. Олардың арасынан Бек Нұрмағамбет (86 келі) пен Нұрлан Сапарбай (92 келі) қарсыластарына жол берді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.