БЕЛГРАД. ҚазАқпарат - Сербия астанасы Белград қаласында өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатында қазақстандық Айбек Оралбай қарсыласына есе жіберді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айбек Оралбай (92 келі) бүгін өзбекстандық Мадияр Саидрахимовпен шеберлік байқасты. Ол Өзбекстанда тұратын ұлты қазақ спортшы.
Бірінші раундта Айбек қарсыласын бір мәрте нокдаунға жіберіп үлгерді. Екінші раундта оның өзі нокдаунға түсіп қалды. Үшінші раунд тең дәрежеде өтті. Нәтижесінде Мадияр Саидрахимов жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.
Айбек бұған дейін польшалық Матеуш Березницкиді жеңген болатын.
Айта кетсек, 31 қазанда ел құрамасынан Махмуд Сабырхан (54 келі) мен Саматәли Төлтаев (60 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі) жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.
Еске сала кетсек, әлем чемпионатына ел құрамасының сапында 13 боксшы барды.
Олардың арасынан бұған дейін Бек Нұрмағамбет (86 келі) пен Нұрлан Сапарбай (92 келі) қарсыластарына жол берді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.