АСТАНА. ҚазАқпарат - Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында бүгін, 9 мамырда ел құрамасынан бес боксшы рингке шығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Елорда уақытымен сағат 15:00-де басталатын күндізгі сессияда Асланбек Шымбергенов (71 келі) А рингінде сегізінші жұпта Израиль өкілі Мирослав Капулером-Ищенкомен кездессе, Нұрбек Оралбай (80 келі) Б рингінде он бірінші жекпе-жекте түркиялық Каан Айкутсунмен шаршы алаңға шығады.
Ал, 19:00-де басталатын кешкі сессияда А рингінде қазақстандық үш боксшы сынға түседі. Алғашқы жұпта Махмуд Сабырхан (54 келі) үндістандық Сачин Сивачпен, жетінші жұпта Дулат Бекбауов (67 келі) үндістандық тағы бір боксшы Акаш Сангванмен кездеседі.
Сондай-ақ, он екінші жұпта Нұрқанат Райыс (75 келі) бразилиялық Вандерлей Перейрамен шеберлік байқасады.
Еске салсақ, 8 мамырда Санжар Тәшкенбай Ташкентте өзбекстандық боксшыны нокдаунмен жеңді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.