АСТАНА. ҚазАқпарат - Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында бүгін, 8 мамырда ел құрамасынан үш боксшы рингке шығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Елорда уақытымен сағат 15:00-де басталатын күндізгі сессияда А рингінде Махмуд Сабырхан (54 келі) алғашқы болып венгриялық Иштван Сакоймен кездеседі.
Ал, 19:00-ге белгіленген кешкі сессияда Б рингінде екінші жекпе-жекте Санжар Ташкенбай (48 келі) өзбекстандық Шодиержон Меликузиевпен кездессе, А рингінде оныншы жұпта Сағындык Тоғамбай (86 келі) тағы бір өзбекстандық Шохжахон Абдуллаевпен шаршы алаңға шығады.
Қазірге дейін ел құрамасынан төрт боксшы жарыс жолынан шығып қалды. Олардың қатарында Сәкен Бибосынов (51 келі), Талғат Сырымбетов (60 келі), Санатәли Төлтаев (63,5 келі) және Айбек Оралбай (92 келі) бар.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.