Бокстан әлем чемпионаты: Иван Дычко бразилиялық қарсыласын бет қаратпай сабады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Катар астанасы Дохада өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатында 91 келіден жоғары салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Иван Дычко осы біріншіліктегі алғашқы жекпе-жегін өткізді.

Оның қарсыласы бразилиялық Рафаель Дуарте Лима болды. Қазақстандық былғары қолғап шебері одан үш раундта да басым түсіп, айқын басымдықпен жеңді.

Айта кетейік, бүгін әлем чемпионатының кешкі сессиясында 4 спортшымыз рингке шықты. Осыған дейін Олжас Сәттібаев болгариялық қарсыласы Д.Асеновты, Д.Елеусінов Беларусь былғары қолғап шебері П.Кастраминді, Ә.Ниязымбетов сириялық Алаа Госсоун ұтып, ширек финалға жолдама алды. Ал кеше Жәнібек Әлімханұлы келесі кезеңге өткен болатын. Енді олардың қатарын И.Дычко толықтырып, ¼ финалда бақ сынайтын болды.