ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатының төртінші жарыс күнінде жеңіске жеткен Қамшыбек Қоңқабаев (92 келіден жоғары) жекпе-жегі жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
4 мамырда Қамшыбек Қоңқабаев (92 келіден жоғары) ресейлік Алексей Дроновты нокаутқа жіберіп, жарыстың келесі сатысына шыққан болатын.
«Алғашқы жекпе-жегімді сәтті өткіздім. Бапкерлер құрамының үйреткенін өз деңгейінде орындап, жеңіске жеттім. Алдағы жекпе-жегімде де осындай жеңісімді жалғастырсам деген ойдамын. Оған бар күшімді саламын. Зал ішінен жанкүйерлер қолдауын сезіндім. Олардың саны аз болған жоқ. Сондай-ақ, маған қолдау білдірген барша жанкүйерлерге алғысымды білдіремін», - деді ол.
Сондай-ақ, ел құрамасынан бүгін Санатәли Төлтаев (63,5 келі) 1/16 финалда Маврикий елінен келген Ришарно Колинге есе жіберді.
Сондай-ақ, ел құрамасынан 3 мамырда Талғат Сырымбетов (60 келі) қарсыласына есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды.
Ал Айбек Оралбай (92 келі) және Сағындық Тоғамбай (86 келі) алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жетті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.