НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Польшаның Кельце қаласында өтіп жатқан жастар арасындағы әлем чемпионатында қазақстандықтар әзірге бір алтын, бір күміс жүлде алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Санжар Ташкенбай (49 келі) ақтық сында ресейлік Роберт Бадаляннан басым түсті. Осылайша өз салмағында жастар арасындағы әлем чемпионы атанды.
Тағы бір боксшымыз Ерболат Сабыр (56 келі) финалда үндістандық Сачинге есе жіберіп қойды. Нәтижесінде күміс жүлдені қанағат тұтты.
Сондай-ақ, бүгін Елнұр Сүйінбай (60 келі) жапониялық Рейто Цуцумимен, Сабыржан Аққалықов (64 келі) украиналық Бозорбой Матякубовпен қолғап түйістіреді.
Естеріңізге сала кетелік, кеше, 22 сәуірде әлем чемпионатында қыздардан Жұлдыз Шаяхметова (60 келі) мен Дана Дидай (75 келі) күміс жүлдегер болды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.