НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық боксшы Тұрсынбай Құлахмет Ресейдің Екатеринбург қаласында өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатының ширек финалына жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық боксшы бүгін АҚШ-тан келген Хавьер Мартинеспен қолғап түйістірген еді. Жекпе-жек үш раундқа созылды. Тұрсынбай қарсыласын айқын басымдықпен жеңді. Төрешілердің барлығы оның жеңісіне қолдау білдірді.
Естеріңізге сала кетелік, Тұрсынбай әлем чемпионатында екінші кездесуін өткізді. Ол алғашқы кездесуінде чехиялық Милош Бартлды қапы қалдырды.
Сондай-ақ, бүгін әлем чемпионатында Абылайхан Жүсіпов (69 келі) таиландтық Вуттичай Масукты жеңді. Нәтижесінде ширек финалға жолдама алды.
Әлем чемпионаты 9 қыркүйекте басталды. Дүбірлі дода 21 қыркүйекте мәресіне жетеді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.