ЫСТАНБҰЛ. ҚазАқпарат - Түркияның Ыстанбұл қаласында әйелдер арасында өтетін бокстан 2022 жылғы Әлем чемпионатын Қазақстанның қай телеарнасы көрсететіні белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстандық жанкүйерлер байрақты додадан тікелей көрсетілімді «Qazsport» телеарнасы арқылы тамашалай алады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін әлем чемпионаты жалауын көтереді. Дүбірлі додада еліміздің атынан 12 боксшы сынға түседі. Олардың қатарында Назым Қызайбай (50 келі), Жайна Шекербекова (52 келі), Дина Жоламан (54 келі), Карина Ибрагимова (57 келі), Римма Волосенко (60 келі), Аида Әбікеева (63 келі), Дариға Шәкімова (66 келі), Валентина Хальзова (70 келі), Надежда Рябец (75 келі), Гүлсая Ержан (81 келі) және Ләззат Күнгейбаева (81 келіден жоғары) бар.
Ел құрамасынан бүгін Валентина Хальзова кениялық Лорна Куса Симбимен қолғап түйістіреді.
Сондай-ақ қазақстандық боксшылар алғашқы жекпе-жегін Канада, Колумбия, Пуэрто-Рико, Испания, Финляндия, Алжир, Өзбекстан, Түркия және Украина спортшыларына қарсы өткізеді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.