ЫСТАНБҰЛ. ҚазАқпарат - Бокстан әйелдер арасындағы бокстан әлем чемпионатында бүгін, 10 мамырда қазақстандық Алуа Балқыбекова алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Түркияның Ыстанбұл қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында ел құрамасынан Алуа Балқыбекова (48 келі) канадалық Приянка Диллонмен қолғап түйістірді.
Жекпе-жек барысында ол жақсы ойын көрсетті. Нәтижесінде қарсыласын қапы қалдырып кетті. Осылайша жарыстың келесі сатысына жолдама алды.
Еске салсақ, 8 мамырда ел құрамасынан Валентина Хальзова (70 келі) кениялық Лорна Куса Симбиді тізе бүктірді.
Сондай-ақ, дүбірлі додада еліміздің атынан Назым Қызайбай (50 келі), Жайна Шекербекова (52 келі), Дина Жоламан (54 келі), Карина Ибрагимова (57 келі), Римма Волосенко (60 келі), Аида Әбікеева (63 келі), Дариға Шәкімова (66 келі), Надежда Рябец (75 келі), Гүлсая Ержан (81 келі) және Ләззат Күнгейбаева (81 келіден жоғары) сынға түседі.
Әлем чемпионаты 20 мамырда мәресіне жетеді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.