ЫСТАНБҰЛ. ҚазАқпарат - Бокстан әйелдер арасындағы Әлем чемпионатында бүгін, 13 мамырда қазақстандық екі спортшы шаршы алаңға шығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Түркияның Ыстанбұл қаласында өтіп жатқан Әлем чемпионатында бүгін, 13 мамырда кешкі сессияда Гүлсая Ержан (81 келі) украиналық Олеся Крысюкпен кездеседі.
Ал Ләззат Күнгейбаева (81 келіден жоғары) түркиялық Шеннур Демирмен жекпе-жекке шығады.
Дүбірлі додада ел құрамасынан Алуа Балқыбекова (48 келі), Жайна Шекербекова (52 келі), Дина Жоламан (54 келі), Карина Ибрагимова (57 келі), Валентина Хальзова (70 келі) жарыстың келесі сатысына шықты.
Әлем чемпионатына еліміздің атынан 12 боксшы барды. Олардың арасынан Назым Қызайбай (50 келі), Римма Волосенко (60 келі), Аида Әбікеева (63 келі), Дариға Шәкімова (66 келі) мен Надежда Рябец (75 келі) жарыс жолынан шығып қалды.
Әлем чемпионаты 20 мамырда мәресіне жетеді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.