АСТАНА. ҚазАқпарат – Үндістанның Нью-Дели қаласында бокстан әйелдер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында бүгін үш қазақстандық спортшы рингке шығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлем чемпионатының жүлдегерлері Алуа Балқыбекова, Жайна Шекербекова және Надежда Рябец алғашқы кездесулерін өткізеді.
Алуа Балқыбекова 48 келіге дейінгі салмақта 1/16 финалда сингапурлық Кей Ван Чи Ваймен, Жайна Шекербекова (54 кг) оңтүстіккореялық Э Чжи Иммен, Надежда Рябец (66 кг) тағы бір кореялық боксшы Сён Суджинмен жұдырықтасады.
Үшеуі де Астана уақытымен сағат 14.30-да басталатын күндізгі сессияда өнер көрсетеді.
Әлем біріншілігін тікелей эфирде «Qazsport» телеарнасынан қарауға болады.
Осыған дейін рингке шыққан үш қазақстандық боксшы келесі кезеңге өтті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын бокстан әлем чемпионатында Жазира Орақбаеваның алғашқы қарсыласын нокаутпен жеңгенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Римма Волосенко өзбекстандық спортшыны жеңді.
Қарсыласын нокаутпен жеңген Фариза Шөлтай 1/4 финалға шықты.
Ашық көздерден алынған фото
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).