ЫСТАНБҰЛ. ҚазАқпарат - Түркияның Ыстанбұл қаласындағы әлем чемпионатында жүлдегерлер қатарынан көрінген қазақстандық боксшылар қаржылай сыйақымен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл жөнінде Қазақстан бокс федерациясы мәлім етті.
Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев еліміздің спортшыларын қолдау мақсатында Түркиядағы әлем чемпионатына арнайы келді.
Сапар барысында ол отандық боксты дамытуға байланысты шетелдік әріптестерімен бірқатар маңызды кездесулер өткізді.
Одан кейін қазақстандық боксшы Алуа Балқыбекованың финалдық жекпе-жегін тамашалады. Спортшылармен жүздесуде жүлдеге іліккен және бокстың жарқын үлгісін көрсеткен бүкіл боксшыларға алғыс айтты.
Айта кетейік, әлем чемпионатының қорытындысы бойынша жүлдегерлер IBA сыйақысынан бөлек Қазақстан бокс федерациясының қаржылай сыйақысымен марапатталады.
Осылайша күміс жүлдегер Алуа Балқыбековаға 30 мың АҚШ доллары берілсе, қола жүлдегерлер Жайна Шекербекова, Дина Жоламан, Карина Ибрагимова және Валентина Хальзова 10 мың долларға ие болады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.