АСТАНА. ҚазАқпарат – Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында бокстан ерлер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатының екінші күні қазақстандықтар Сағындық Тоғамбай мен Санатәлі Төлтаев рингке шығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Астана уақытымен сағат 14.00-де басталатын күндізгі сессияда Сағындық Тоғамбай өнер көрсетеді.
Қазақстандық боксшы 86 келіге дейінгі салмақта 1/16 финалда Конго өкілі Натан Нланду Мбелимен шеберлік байқасады.
Сағат 19.00-де басталатын кешкі сессияда Санатәлі Төлтаев 63,5 келіге дейінгі салмақта 1/32 финалда бақ сынайды.
Оның қарсыласы – израильдік Ахмад Штиви.
Әлем чемпионаты Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын әлем чемпионатында қазақстандық қос боксшының әлем чемпионатын жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).