Жомарт Ержан осы аудандағы Шарапхана ауылында туып өскен. Бұрын-соңды бұл ауылдан спорттың биігін бағындырған саңлақтар шықпаған екен. Ауылда туып, әлемді бағындырған спортшының жеңісі ертеңінен үміт күттіретін жас жеткіншектерге үлгі дейді қариялар. Осыны ескерген ауыл азаматтары жеңіс тұғырынан көрінген ұлдарын ардақтап, атқа мінгізді. Жүрекжарды лебіздерін жеткізді.
Ал, аудан басшылығы қола жүлдегерді қабылдап, қаржылай қолдау көрсетті.
Айта кетейік, ұлттық құрама Гамбургте өткен әлем біріншілігіне 9 салмақ бойынша лицензия ұтып алған болатын. Алайда, соңғы сәтте 49 келі салмақтағы индонезиялық спортшы чемпионатқа қатысудан бас тартып, лицензия Жомарт Ержанға бұйырды. Спортшы өзіне берілген мүмкіндікті сәтті пайдаланып, ширек финалда Еуропа чемпионы ресейлік Василий Егоровты жеңді. Осылайша жоғары кәсіби шеберлігін байқатты. Жартылай финалда болашақ әлем чемпионы кубалық Хоанис Архилагосқа жол беріп, қола медальді қанағат тұтты.