Бокстан әлем чемпионы Мерей Ақшаловқа құрмет белгісі табысталды

АСТАНА. KAZINFORM — Бокстан әлем және Азия чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Мерей Ақшаловқа ТМД Парламентаралық Ассамблеясының құрмет белгісі табыстады.

Фото: ҚР Спорт комитеті

Оны белгілі боксшыға ҚР Туризм және Спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Руслан Есеналин табыстады.

— Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Ақшаловқа ТМД Парламентаралық Ассамблеясының құрмет белгісін табыстады. Куәлік «Дене шынықтыру, спорт және туризм саласының дамуына қосқан үлесі үшін» берілді, — деп атап өтті Спорт және дене шынықтыру комитетінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Естеріңізге сала кетсек, Мерей Ақшалов жақында ғана Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы болып тағайындалған болатын.

Мерей Төлегенұлы Ақшалов — бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2004 жылы кадеттер арасында Азия чемпионы атанған, 2006 жылы Мароккода өткен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде топ жарған, 2010 жылы АҚШ-та өткен әскерилер арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алған, сондай-ақ соңғы 2010-2012 жылдары «Астана» арландары сапында өнер көрсетіп, 2012 жылғы ел біріншілігінде 64 келі салмақта чемпион атанған.

Мерей Төлегенұлы Ақшаловтың туған жері бұрынғы Семей облысы Аякөз ауданы Мыңбұлақ ауылы. 

Астана қаласындағы Қажымұқан атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат түлегі.