Бокстан әйелдер құрамасы Қытайда өтетін Азия ойындарына аттанды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бас бапкер Шамиль Сафиулин бастаған бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы алғашқылардың бірі болып Қытайда өтетін кезекті Жазғы Азиадаға аттанып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан бокс федерациясынан мәлім еткендей, Ханчжоудағы Жазғы Азия ойындары қарсаңында қазақстандық бұрымды боксшылар жергілікті спортшылармен біріккен оқу-жаттығу жиынын өткізеді.
«Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев әуежайға арнайы келіп, ұлттық құрама мүшелерін шығарып салды. Басты мақсат - қазақ боксының үздік екенін тағы бір мәрте көрсетіп, медальдар мен Париж-2024 Олимпиадасының лицензиялар иелену», - делінген федерация таратқан мәліметте.
Сонымен қатар, ҚБФ Президентінің жеке қаражатынан сыйақы беру дәстүрі жалғаса беретіні белгілі болды.
Алтын медаль үшін чемпиондар 50 мың АҚШ долларын, күміс жүлдегерлер - 30 мың АҚШ долларын, қола медаль үшін - 10 мың АҚШ долларын алады.
Қытай шаршы алаңында ел намысын қорғайтын бұрымды боксшылар тізімі:
50 келі - Назым Қызайбай
54 келі - Жайна Шекербекова
57 келі - Карина Ибрагимова
60 келі - Римма Волосенко
66 келі - Наталья Богданова
75 келі - Валентина Хальзова.
Естеріңізге сала кетейік, XIX Жазғы Азиада 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында өтеді.
Қазақстан құрамасынан 500-ден астам спортшы спорттың 33 түрінен сынға түседі.
Азия ойындарында финалға жеткен боксшылар медальдардан бөлек Олимпиада ойындарына жолдама алады.
Еуразия Ұлттық университетінің түлегі. Республикалық «Қазақ спорты», «Sport» газеттерінде қызмет атқарған.
2014 жылғы Сочи, 2016 жылғы Рио-Де Жанейро, 2017 жылғы Инчхон және 2024 жылғы Париж Олимпиадасында, сонымен қатар бір қанша Қысқы және Жазғы Азия ойындарынан, әлем біріншіліктеріне барып тікелей хабар таратқан журналист.
Сейдақмет Бердіқұлов атындағы арнайы сыйлықтың лауреаты.