АСТАНА. KAZINFORM – Таиланд корольдігінің Чиангмай қаласында бокстан ерлер және әйелдер арасында өтіп жатқан Азия чемпионатында алтыншы жарыс күні рингке Оразбек Асылқұлов бірінші болып шықты.
Асылқұлов 57 келіге дейінгі салмақта шаршы алаң иесі Фануват Чуджанатпен шеберлік байқасты. Бірінші раундта Оразбек қарсыласына соққыларын дарыта білді – 4:1.
Екінші кезеңде есеп 3:2 болды. Үшінші раундта да Оразбек алған бетінен танған жоқ. Қорытынды есеп – 5:0.
Осылайша, Оразбек Асылқұлов жартылай финалға шықты. Бұл – кемінде қола медаль қолда деген сөз.
Бүгін Қазақстаннан тағы бес боксшы ширек финалда бақ сынайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын бокстан Азия чемпионатында бейсенбі күні Қазақстан намысын 6 спортшы қорғайтынын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).