НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бокстан Біріккен Араб әмірлігінің Дубай қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында бүгін ерлер арасында жартылай финал ойындары болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Еске салсақ, жарыстың аталған сатысында еліміздің атынан алты былғары қолғап шебері сынға түседі. Жартылай финалда алғашқы болып Даниял Сәбит (49 келі) филиппиндік Марк Лестер Дюренспен қолғап түйістіреді. Одан кейін 52 келіде Сәкен Бибосынов Амит Пангалмен шаршы алаңға шықса, Абылайхан Жүсіпов (69 келі) моңғолиялық Баттөмөр Мишеелтпен кездеседі.
Ал 75 келіде Әбілхан Аманқұл ирандық Сейедшахин Мусавимен шеберлік байқасса, 91 келіде Василий Левит қырғызстандық Рустам Ырысбек уулмен тайталасқа түседі. Ұлттық құрама капитаны Қамшыбек Қоңқабаев (91 келі) ирандық Пуриа Амиримен кездеседі.
Аталған жекпе-жектер Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Еске салсақ, бұдан бұрын қыздар арасында жартылай финал жекпе-жектері өткізілді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.