Еске салсақ, Азия чемпионаты Біріккен Араб әмірлігінің Дубай қаласында 24 мамырда басталды. Ол 31 мамырға дейін жалғасады.
Қыздар арасында құрлықтық додаға барлығы он боксшы аттанған болатын. Бүгін олардың арасынан тоғызы жартылай финалда шеберлігін көрсетеді. Атап айтқанда, Алуа Балқыбекова (48 келі) үндістандық Моника, Назым Қызайбай (51 келі) Шри-Ланка өкілі Надека Пушпакумари, Дина Жоламан (54 келі) үндістандық Сакши, Владислава Кухта (57 келі) үндістандық Жайсмин сынды қарсыластарымен шаршы алаңда қолғап түйістіреді. Ал Римма Волосенко (60 келі) үндістандық Симранжит Батх, Милана Сафронова (64 келі) өзбекстандық Мохинабону Абдуллаева, Марина Вольнова (75 келі) өзбекстандық Мавлуда Мовлонова, Фариза Шолтай (81 келі) үндістандық Савети, Ләззат Күнгейбаева (81 келіден жоғары) БАӘ-нің өкілі Ханан Аль-Зеюдимен кездеседі. Ал Валентина Хальзова (69 келі) бірден финалда ойын көрсетуге мүмкіндік алды.
Ал жігіттер арасында алты қазақстандық боксшы жартылай финалда шаршы алаңға шығады. Мәселен, Даниал Сәбит (49 келі) филиппиндік Марк Лестер Дюренс, Сәкен Бибосынов (52 келі) үндістандық Амит Пангал, Абылайхан Жүсіпов (69 келі) моңғолиялық Баттумур Мишеелт, Әбілхан Аманқұл (75 келі) ирандық Сейедшахин Мусави сынды қарсыластарымен шеберлік байқасады.
Ал Василий Левит (91 келі) қырғызстандық Рустам Ырысбек уулумен кездессе, Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары) ирандық Пуриа Амиримен күш сынасып көреді.
Айта кетейік, құрлықтық доданың алғашқы іріктеу кезеңінде Махмуд Сабырхан (56 келі) мен Серік Теміржанов (60 келі) жарыс жолынан шығып қалды. Ал Закир Сафиуллин (64 келі) жартылай финалға жете алмай, ширек финалда Баатарсухийн Чинзоригке есе жіберді. Ширек финалда Бекзат Нұрдәулетов (81 келі) ирандық Мейсам Гешлагиге жол берді.
Жекпе-жектер елорда уақытымен 20.00-де басталады.