НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бокстан Біріккен Араб әмірлігінің Дубай қаласында қыздар арасында өтіп жатқан Азия біріншілігінде Қазақстан қоржынына жетінші алтын медаль түсті деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл медальға Фариза Жолтай (81 келі) ие болды. Ол өзбекстандық Сохиба Рузметовамен қолғап түйістірді. Аталған жекпе-жекте қазақстандық боксшы сенімді ойын көрсетті. Нәтижесінде төрешілер жеңісті бірауыздан Фаризаға берді.
Бұдан бұрын қазақстандық құрама сапынан Алуа Балқыбекова (48 келі), Назым Қызайбай (51 келі), Дина Жоламан (54 келі), Римма Волосенко (60 келі), Милана Сафронова (64 келі) және Валентина Хальзова (69 келі) алтыннан алқа таққан еді.
Ал Валентина Кухта (57 келі) күміс жүлдені қанағат тұтты.
Осы уақытта қазақстандық құрама сапынан Ләззат Күнгейбаева (81 келіден жоғары) кезекті жекпе-жегін үндістандық Анупамамен өткізуде.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.