НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бокстан Азия чемпионатында бүгін алғашқы жекпе-жегін өткізген төрт қазақстандық спортшының екеуі жарысты жалғастырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Құрлықтық додада Закир Сафиуллин (64 келі) шаршы алаң төріндегі алғашқы кездесуінде қарсыласынан басымдық танытты. Ол ирандық Ашкан Резаидың осал тұсын тапты.
Ал Әбілхан Аманқұл (75 келі) жекпе-жек өткізбестен жарыстың келесі сатысына жолдама алды. Ол бүгін кувейттік Саид Абасс Аль-Бахранимен шеберлік байқасуы қажет болатын. Қарсыласы шаршы алаңға шығудан бас тартты.
Қазақстандық Махмуд Сабырхан (56 келі) мен Серік Теміржанов (60 келі) қарсыластарына есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды.
Еске салсақ, Азия чемпионаты Біріккен Араб әмірлігінің Дубай қаласында 24 мамырда басталып, 31 мамырға дейін жалғасады. Құрлықтық додада еліміздің жігіттер мен қыздар құрамалары бақ сынауда.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.