АСТАНА. ҚазАқпарат – Иордания астанасы Амман қаласында бокстан өтіп жатқан Азия чемпионатында Махмуд Сабырхан финалға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік біріншіліктің күміс жүлдегері Махмуд Сабырхан 54 келіге дейінгі салмақта өзбекстандық, әлем чемпионы Шахзод Музафаровпен шеберлік байқасты.
Махмуд бәсекені қызу бастап, бірінші раундта үстемдігін көрсетті. Екінші кезеңде Ш.Музафаров рефериден ескерту де алды. Үшінші раундта Махмуд сол қарқынынан танған жоқ. Төрешілер бір ауыздан жеңісті Махмуд Сабырханға берді – 5:0.
Осылайша, әлем чемпионын жолдан тайдырған Махмуд Сабырхан да финалға жолдама алды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Гүлсая Ержанның Азия чемпионатының финалына жолдама алғанын, Азия чемпионатында бүгін ерлерден 12 қазақстандықтың ½ финалда шығатынын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ қазақстандық боксшы қыздардың финалдағы қарсыластары анықталды.
Боксшы Санжар Тәшкенбай Азия чемпионатының финалына шықты.
Фото: kfb.kz
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).