АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Виктория Графеева 2023 жылғы Азия чемпионатында жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Құрлықтық дода Таиланд астанасы Бангкок қаласында өтіп жатыр.
Жарыста 57 келі салмақта сынға түсіп жатқан Виктория Графеева таиландтық Натниче Чонгпронгклангпен қолғап түйістірген еді.
Екінші раундта төрешілер таиландтық боксшының екі мәрте нокдаун алғанын тіркеді. Ал үшінші раундта жекпе-жек тоқтатылып, жеңіс қазақстандық боксшыға берілді.
Қазірге дейін алғашқы жекпе-жектерін өткізіп үлгерген Мөлдір Тойкова (50 келі) жарысты жалғастырса, Әнел Құдайберген (48 келі) мен Жансая Рахымберді (52 келі) қарсыластарына есе жіберіп қойды.
Еске салсақ, бұдан бұрын қазақстандық қыздардың Азия чемпионатындағы қарсыластары анықталғанын хабарлаған едік.
Фото: sports.kz
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.