НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Иордания астанасы Амман қаласында өтіп жатқан бокстан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында тағы бір алтын медаль қоржынға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ел құрамасынан Кұралай Егінбайқызы (80 келі) үндістандық Хуши Пуниямен қолғап түйістірді. Шаршы алаң төрінде қазақстандық боксшының басымдығы байқалып тұрды. Нәтижесінде төрешілер шешімімен ол қарсыласын 4:1 есебімен тізе бүктірді.
Еске салсақ, құрлықтық додада 66 келіде сынға түскен Аружан Жаңабаева иорданиялық Нуха Аль-Зубидің осал тұсын тапты.
Айта кетсек, бұған дейін Карина Токубай (50 келі) үндістандық Виниге, Ұлдана Таубай (60 келі) үндістандық Никита Чандқа, Нұрсұлу Сүйінәлі (63 келі) үндістандық Шрушти Сачинге, Роксолона Валиева (70 келі) өзбекстандық Ойша Тоироваға, Шұғыла Нәлібай (75 келі) үндістандық Рудрика жол беріп қойды.
Енді ұлдар арасында алты боксшымыз шаршы алаңға шығады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.