Бокстан ел біріншілігі биыл Павлодарда өтеді
Қазақстан бокс федерациясының үйлестірушісі Галина Тополеваның айтуынша, боксшылар облыс орталығындағы «Баянтау» спорт кешенінде кездесулерін өткізеді.
Жарыс қараша айының 19-27 күндері аралығында өтпек. Әр облыстан 10 категория бойынша 20 спортшыдан қатысады деп болжануда.
«Бұл - жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан аса ауқымды спорттық жоба. Сондықтан, әр облыстын іріктеуден өткен мықты боксшылар ғана келеді. Жарыстың іріктеу кезеңі 20-24 қараша аралығында өтсе, 26-27 қараша күндері жартылай финалдық және финалдық жекпе-жектер ұйымдастырылады», - дейді Галина Тополева.
Чемпионатты өткізуге Өскемен мен Павлодар қаласы үміткер болыпты. Қазақстан бокс федерациясы атқару комитеті бюросының отырысында Павлодар қаласы таңдалған.
«Биыл Павлодар жастар арасында Азия чемпионатын өткізді. Сондай-ақ, жыл сайын Серік Қонақбаев пен Рафаэль Вахитовтің жүлдесі үшін ірі халықаралық турнирлер ұйымдастырылып тұрады. Осы ретте Павлодар облыстық бокс федерациясының жұмысын атап өткен дұрыс», - дейді Қазақстан ұлтық құрама командасының үйлестірушісі Болат Әбдірахманов.
Айта кету керек, ел Тәуелсіздігінен кейнігі алғашқы ел чемпионаты Павлодар облысы Екібастұз қаласында ұйымдастырылған. Содан бері 25 жыл уақыт өтіпті. Сондықтан, былғары қолғап шеберлерінің бұл бәсекесі де спорт тарихына алтын әріппен жазылары сөзсіз.