Бокстан ерлер арасындағы Қазақстан біріншілігінде финалға кімдер өтті

АСТАНА. KAZINFORM - Тараз қаласында бокстан ерлер арасындағы Қазақстан чемпионатының жартылай финалы мәресіне жетті.

Фото: Қазақстан ҰОК

Күннің басты сенсацияларыКүндізгі сессия бірден күтпеген нәтижемен басталды. 50 келіде кейінгі екі Қазақстан чемпионатында топ жарған Даниал Сәбит (Батыс Қазақстан облысы) жарыс қожайыны Нұрзат Оңғаровқа 2:3 есебімен жол берді.

Осы салмақтағы екінші жартылай финалда жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Диас Берікбай Маңғыстау облысының өкілі Дамир Әбдіқадырдан 5:0 есебімен басым түсті.

55 келіде Бексұлтан Хужанжар (Шымкент қаласы) осы салмақта алтын жүлдеге басты үміткерлердің бірі саналған Тимур Қабдешовке (Ақмола облысы) еш мүмкіндік бермеді.

Есеп: 5:0.

Ал күннің ең басты сенсациясы 60 келіде тіркелді. Жетісу облысының жас боксшысы Әділбек Қожахан әлем чемпионы, биылғы Азия чемпионы Оразбек Асылқұловтың өзін 5:0 есебімен жеңіп, финалға жолдама алды.

Аса ауыр салмақта да күтпеген нәтиже тіркелді. Кейінгі екі жылда Қазақстан чемпионы атағын ешкімге бермей келе жатқан Нұрлан Сапарбай (Түркістан облысы) Алматы қаласының өкілі Данияр Рахымбердиновке 1:4 есебімен есе жіберді.

Жартылай финалда екі боксшы қарсыластарының айқасқа шықпауына байланысты финалға жолдама алды.

60 келіде Жамбыл облысының өкілі Рамазан Орынбасар жарыс қожайыны Бибарыс Жексенмен өтетін жекпе-жекке шығудан бас тартты.

90 келіде де Ілияс Жандау (Астана қаласы) Ақтөбе облысының боксшысы Дәулет Төлемісовпен болатын жартылай финалдық кездесуге шықпады.

65 келіде әлем чемпионатының қола жүлдегері, осы салмақтың көшбасшыларының бірі Ертуған Зейнуллинов (Алматы облысы) пен Абзал Серік (Шымкент қаласы) арасындағы кездесу тартысты өтті. Айқас тағдыры шешуші раундта анықталып, нәтижесінде Абзал 5:0 есебімен жеңіске жетті.

70 келіде Елнұр Сүйінбай (Жамбыл обылсы) мен Алмат Әбдуәли (Жетісу облысы) үш раунд бойы жоғары қарқында жұдырықтасты. Тартысты кездесудің қорытындысында төрешілер 3:2 есебімен Елнұрдың қолын көтерді.

80 келіде жастар арасындағы әлем чемпионы Санжар-Али Бегалиев (Шымкент қаласы) былтырғы Қазақстан чемпионы Ерасыл Жақпековпен (Абай обл)ысы шеберлік байқасты. Үш раундқа созылған шиеленісті жекпе-жекте Санжар-Али 3:2 есебімен жеңімпаз деп танылды.
75 келіде U22 және U23 санаттарындағы Азия чемпионы Аман Қонысбеков (Түркістан облыы) әлем чемпионатының финалисі, жамбылдық Әбілхан Аманқұлға еш мүмкіндік бермей, 5:0 есебімен сенімді жеңіске жетті.

85 келіде әлем кубогының екі дүркін жеңімпазы Сұлтанбек Айбарұлы (Алматы қаласы) 75 келіден жоғары салмаққа ауысқан Тимур Нұрсейітовпен (Астана қаласы) кездесіп, Сұлтанбек үшінші раундта қарсыласын нокаутқа түсірді.

Финал ертең, 6 қарашада өтеді.