НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бокстан ерлер арасындағы 2021 жылғы әлем біріншілігі Сербия астанасы - Белград қаласында өткізілетін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Халықаралық әуесқой бокс федерациясына сілтеме жасап.
Әлем чемпионаты 2021 жылы Үндістан астанасы - Нью-Дели қаласында өтетін болып шешілген еді. Алайда бұл қала өкілдері AIBA алдында қаржылық міндетін орындай алмады. Нәтижесінде оларға 500 мың АҚШ доллары көлемінде айыппұл салынды.
Белград өз тарихында екінші мәрте әлем чемпионатын қабылдайды. Бұдан бұрын дүбірлі дода 1978 жылы аталған қалада өткізілді.
2021 жылы қыздар арасында да әлем чемпионаты ұйымдастырылады. AIBA бұл туралы шешімді кейінірек қабылдайды.
2019 жылы Қазақстан әлем чемпионатынан алты медаль алып қайтты. Бір алтын, бір күміс, төрт медаль олжалаған құрамамыз жалпы командалық есепте үшінші орынға тұрақтады.
Алғашқы екі орынға Өзбекстан және Ресей құрамалары өзара бөлісті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.