Бокстан Қазақстан чемпионаты: алғашқы жеңімпаздар анықталды
14:13, 23 Желтоқсан 2021
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда теннис орталығында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай бокстан ерлер арасында Қазақстан чемпионатының финалдық бәсекелері өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шаршы алаңға алғашқы болып аса жеңіл салмақта батысқазақстандық Даниял Сәбит пен елордалық Санжар Тәшкенбай шықты.
Бұл бәсекеде жастар арасында 2021 жылғы әлем және Азия чемпионы С.Тәшкенбай жеңіске жетті.
Бұдан кейін 51 кг салмақта тағы бір батысқазақстандық Нұрсұлтан Нұриденов пен Алматы облысының өкілі Дамир Әбдіқадыр чемпиондық атақты сарапқа салды. Мұнда төрешілердің бірауыздан шешімімен Д.Әбдіқадырдың қолы көтерілді.
Сондай-ақ 54 кг салмақта тартысты бәсекеде 3:2 есебімен атыраулық Олжас Байниязовты сүріндірген қарағандылық Талғат Сырымбетов үздік шықты.
Финалдық жекпе-жектер одан әрі жалғасуда.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын ел чемпионатында алғашқы финалистер белгілі болғанын жазған едік.